БҰЛАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТТЕНГЕН ЕДІ... Қазақстандағы дәл қазіргі саяси әлеуметтік жағдай 1969 жылғы Малайзиядағы саяси әлеуметтік жағдайға қатты ұқсайды. Малайзияда 1969 жылы қытайлар мен ағылшындардың билігі күшті болған. Оккупанттардың билігі бұқара қалықты әбден шаршатып жіберген. Қай оккупант болса да жергілікті халыққа жақсылық алып келмейтінін тарих растап отыр. Елдегі барлық қаржы мен бизнес қытай мен ағылшындардан келген инвесторлардың уысында болды. Ал бізде қалай? Біздегі мұнай мен жер асты ресурстарының аса көп бөлігі қытайлықтар мен ресейліктердің, басқа да шетелдік инвесторлардың уысында кетті. Сонымен қоса Малайзияда жер ресурастары да, ауыл шаруашылығы да өзге ұлттар мен келімсектердің қолында болды. Ал біздегі қазіргі қазақ баласының істеп, нәпақасын тауып жатқан сала – құрылыс саласы. Біздегі құрылыс саласы түріктердің, кәрсітердің, қытайлардың үлесіне өтіп кеткен. Ал арада өріп жүрген «посредниктердің» барлығы да түріктер. Жай ортада жүріп, олар қазақ баласының несібесін уыстап алып отыр. Біз бұл келімсектерді қалай ысырып шығара аламыз? Біздің оған жоспарлы түрде жасалған саяси тактикалық қадамдарымыз бар ма? Міне, мәселе сауатты тактикалық қадам мен жоспарда. Оған білім де, қабілет те, жігер де, мінез де біздің тарапымыздан жетіспей отыр. Оны мойындап, іске кіріспесек, білім мен мінезге ие болмасақ, біз тағы да жеңіліске ұшыраймыз. Бұл өте өзекті мәселе. Бізге де Малайзиядағы 1969 жылғы тактикалық саяси қадамдарды зерттей отырып, жоспарлы түрде іске көшетін уақыт келіп отыр. Меніңше бұл қазіргі көзі ашық, табалу таудай, ұлттық птоенциалы жоғары жастардың еншісінде тұр. Біздің қазіргі осы толқын осы миссияны жүзеге асыруға әбден дайын. Тек бастаманы күтіп, күреске сауатты дайындалуы керек. Біздегі тек ұлттық менталитет қана олармен салыстарғанда өзгешелеу болмаса, басқа әлеуметтік теңсіздік мен халықтың салғырттығы, өз қолындағы үлесін өзгеге үлестіріп отырғаны, саяси әлеуметтік реформалардың жүргізілмеуі қазіргі жағдайлармен өте ұқсас. Малайзияда да кезінде билікті басып алған каммунистік узурпаторлармен халықты қанаушы тап отырған. Халықты сауатсыздандыру реформалары үздіксіз жасалған. 1969 жылы бұл елде нәсілдік қақтығыстардың, діни алауыздықтың, ұлттар арасындағы кикілжіңнің оты бұрқ еткен. Ал діни алауыздық, өзге ұлттардың әлеуметтік жағынан үстемдігі дәл қазіргі біздегі жағдаймен ұқсас. Ел әлеуметтік теңсіздік пен хаостың қақ ортасында қалған. Осы жағдайға жетуіне халықтың сауатсыздық факторы да үлкен рөл атқараған. Сонымен... Сонымен Малайзиядағы биліктегі текетірестер қарсаңында парламенттік сайлауда Махатхир Момамад бастаған Малайзия ұлттық бірлестігі партиясы (Alliance - United Malays National Organisation) 57 мандатпен жеңіске жетеді. Бұл Альянс билікке келгеннен кейін өзінің қарамағына ұлтына, тіліне, діни ұстанымына қарамай барлық ұлттардың өкілдерін шоғырландыра берді. Бұл алдын ала ұйымдастырылған сауатты саяси тактика болатын. Жетекшісі Махатхир Мохамад болған бұл ұйым өзінің саяси ауқымын кеңейтіп, елдегі барлық реформаларға кірісіп, өздерінің қарсыластарына дейін саяси аренада жол ашып, ашық бәсекелестік ойынды бастайды. Бұл ойынның ішінде де тілі мен дініне, нәсіліне қарай бөлу деген орын алмайды. Осы саяси тактикалық қадамдар арқылы ұйым малай ұлтының ең алдымен әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алады. Ең басты мәселе, елдегі құлдыраған әлеуметтік жағдайды көтеру (ең алдымен малайлықтардың жағдайын өзге ұлттармен теңестіру), өндіріс орындарын салу, пальма майы өндірісі, ауылшаруашылығын жандандыру, экономикалық әртараптандыру алда тұрды. Дұрыс жасалған реформалардың арқасында өзгеше ойлайтын, саяси практикада белсенді топтар қалыптасып, үлкен ойындарға кіріседі. Ашық алаңда бәсеке қалыптасады. Осының арқасында елде ақырындап технолоиялық прогрестерге жол ашылады. Әрине, бұл қысқаша ғана тарихы. Арада көптеген сәтсіздіктер орын алып, оның бәрін ұстамдылықпен жеңіп шығады. Ал дәл қазір біздегі азаматтық қоғамның демі әл тұншығып жатыр. Қозғалыс енді ғана басталды. Осы инерцияны тоқтатпай, билікпен ашық саяси диалогты бастап, үлкен ойынға кірісу керек. 1969 жылғы Малайзиядағы жағдай дәл бізде қайталанып отыр. Сол кездегі малайзиялық белсенділер әрекет жасап, ел мүддесіне пайдалана білді. Қоғамның реакциясын басып, тамырын түртіп көріп отырған қазіргі билік қоғам мен белсенділер тарапынан жайбарақаттылықты байқаса, өзінің дегенін тағы да іске асыра береді. Бұл билік қоғам мен оның белсенділерінің қолын сілтеп кете салуын ғана күтіп отыр. Әйтпесе, өзінің айтарлықтай потенциалы да қалмады. Президент жанынан қоғамдық келісім жөніндегі кеңес құрылмақшы. Билік оған өзінің жалдамалы ойыншыларын міндетті түрде қосады. Өзінің дегеніне міндетті түрде жеткісі келеді. Бұл жолы біздің қоғамның елшіл белсенділерін (әсіресе жастарды) халықтық, ұлттық ортақ идея ғана біріктіруі керек. Соның барлық позициясын сауатты жазып, елге тарата беру керек. Халықтық ортақ идеяға ғана сенім мол болуы керек. Әйтпесе мынау қатып семіп қалған жүйеге әсер ету қиынның қиыны. Жеке тұлғаны мынау саяси аренада алға салып қойып, біз ешқандай да нәтижелі әрекетке бара алмаймыз. Ол кешегі сайлаудан да көрініс берді. Халықтық идеяны іске асыруда азаматтық қоғамға, белсенділерге мінез бен саяси тактика керек. Онсыз болмайды. Меніңше, осы жолғы ойын біздің қазіргі көзі ашық жастар үшін өз тәжірибесін арттыруға, алға қарай жолын ашып, бағыт алуына үлкен мүмкіндік. 1969 жылдан басталған Малайзиядағы саяси әлеуметтік реформалар ақырындап өзінің жемісін бере бастады. Әлеуметтік серпілістер жасалып, өндіріс орындары салынып, малайлықтар лек легімен кәсіпке тартыла бастады. Елде сауатты приватизация процесі жүргізілді. Бары жоғы 20 жылдың ішінде малайлықтардың барлық бизнес саласындағы үлесі 45 пайызға дейін артты. Ғылыми техникалық прогрестерге жол ашылып, компьютерлік дәуір басталды. Елде тұтасымен ұлт құраушы малайлықтар елдің қожайыны деген статусты иеленіп, банк саласында, инвесторлық пакеттерге қол жеткізіп, компаниялардың акцияларын иеленді. Өте сауатты ғылыми реформалардың нәтижесінде малайлықтар өзге келімсектер мен шетелдік инвесторларды ақырындап ысырып, елдерінен шығарып тастады. Мұның барлығы Махатхир Мохамадтың сауатты реформаторлық әрекетінен бастау алды. Ал енді бізде ше? Біздің қолымыздан не келеді, бәрібір шешіп қойған ғой, деп отыра береміз бе? Әрине, бәрін шешіп қояды сенсіз-ақ, егер де сен бәрін бізсіз ақ шешіп қояды деп отыра берсең. Онсыз да 30 жыл бойы сенсіз-ақ бәрін шешіп келді. Отыра берсек, олар бәрін де шеше береді. Ойлана білсек, қазақ елі тұтас қоғамымен бірге тарихи жолайрыққа келіп тоқтап тұр. Не алға қарай қозғаласың, не болмаса көшлікте қаласың. Шығатын жол бар. Ол мінез бен білім, азаматтық белсенділік қана. Қазіргі уақыт азаматтарымызды ұлттық тұтастық идеясына жұмыс жасай алады ма деп тосып отыр. Бізге енді біреулердің шарбақтың сыртында тұрып үргеніне назар салатын кез емес, халықтық идея төңірегінде топтаса білу, ортақ идеяға бірігіп жұмыс жасау ғана тиімді. Қоғамның талабын жеке тұлға арқылы өткізе алмаймыз. Біз тек азаматтық қоғамның белсенді дауысы мен мінезі, білігі мен тәжіриесі арқылы ғана өз талаптарымызды өткізе аламыз. Ертең еркіндікке шығып жатса, елдегі барлық реформаларды қоғамның талқысына шығарып, ретімен іске асыруымызға әбден болады. Алдағы уақытта саяси әрі ұлттық потенциалы жоғары, елшіл жастар тобын парламенттің қабырғасына өткізу керек. Өзгеріс осы тараптан басталатынына күмәнім жоқ. Махатхир Мохамад дәл осылай жасаған болатын. МАХАТХИР МОХАМАД Махатхир Мохамад, 1925 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. Мамандығы дәрігер. Сингапур университетінің түлегі. 20 ғасырдың төртінші ширегіндегі әлемге танылған әлемдік деңгейдегі талантты реформатор, малай билігіне жаңаша леп пен өзгеріс алып келген тұлға. 19 жасынан бастап Малай ұлттық бірлестігі ұйымының мүшесі (ОМНО - United Malays National Organisation), 1969 жылдан бастап осы ұйымның атынан парламентке депутат болған. Дәл осы кезеңнен бастап оның элиталы қызметтік карерьасы басталған. Махатхир Мохамадтың негізгі ұстанымы – малай ұлтының азаттығы жолындағы күрес, малай ұлтын оккупанттардан (қытай мен ағылшындардан) азат етіп, елдегі малай ұлтының әлеуметтік жағдайын көтеру, басқыншы инвесторлардан малай ұлтын білім мен өркениетке ұмтылу арқылы азат етіп, бүкіл қаржы мен бизнесті малайлықтарға алып беру, ұлтты білім мен технологиялық прогресс жолына жұмылдыру болған. Тығырықтан шығу үшін елдің негізгі саласы - экономикадан бастаған. Бұл атақты реформатор өз дегеніне жеткен. Осы жолда талай рет жеңіліс тапса да алған бетінен қайтпаған. Малайзия халқын ақыр соңы қара түнектен ғылым мен прогрестың даңғыл жолына алып келген. Малайзияны "мультимедиялық суперкоридорға" айналдырған. Сингапурдегі Ли Куан Ю секілді, Махатхир Мохамадты да малайлықтар ту төбесіне көтереді. Қысқаша тарихы осы. Бұл азаматқа ұлтын осы жолға жетектеп келуіне қандай күш себеп болды дегенде, өзі: «Бұл планетада менің алдымда бір ғана адал миссия болды. Ол ұлтымды құтқару. Ол ұлтыма деген махаббат. Мен ұлтымды осы қара түнек пен тығырықтан алып шығу жолында оған деген махаббатым өз көзіме ұлтымның бір де бір кемшілігін көрсетпеді. Ұлт пен мемлкетке деген махаббат маған орынсыз ашулану мен түңілуге де жол бермеді»-деп жауап беріпті. Алдағы уақытта бұл тұлға жайында көп жазылатын болады. БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН

Теги других блогов: продвижение SEO Google